Шахматтан Қазақстан Чемпионаты. Меңғали Олжас

Автор:admin

Шахматтан Қазақстан Чемпионаты. Меңғали Олжас


2018 жылдың 5 – 16 қаңтары аралығында Шахматтан Қазақстан Чемпионаты өткізілді.

Құрметті шахмат ойынының жанкүйерлері!

2018 жылдың 5 – 16 қаңтары аралығында Алматы қаласында шахматтан жасөспірімдер арасында (6 – 18 жас) Қазақстан чемпионаты өткізілді.

Жарыстың бас ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасының шахмат Федерациясы және Жансая Әбдімәлік шахмат академиясы. Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсіміне Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясында, шахмат және тоғызқұмалақ бойынша мемлекеттік жаттықтырушы Дастан Исатайұлы Қапаев, Қазақстан Республикасы шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Еркін Дәулетұлы Исраилов қатысқан болатын.

Жүлде қоры 1 800 000 теңгені құрап, стандарт (классикалық), рапид (жылдам шахмат), блиц (тез шахмат) түрлері бойынша қаражат үлестірілді.

Аталмыш жарыс осындай жоғары деңгейде еліміздің ғылыми, мәдени, тарихи, өндірістік және қаржы – іскерлік орталығында 10 жыл қатарынан жүргізілген жоқ болатын. Жалпы қатысушылардың саны 736 адамды құрады, бұндай көлемде бұрын – соңды Қазақстан чемпионаттары жинап көрген емес. Қатысушылардың саны көп болуына байланысты, республикалық чемпионат екі ауысымда өткізілді. Бұл жерде айта кетер жайт, осындай деңгейде жарыс ұйымдастыру барысында, әлемдік тәжірибеге көшу мәселесін қарастыру керек, 8, 10, 12 жастағы қатысушылар үшін бір уақытта ұйымдастырып, 14, 16, 18 жастағыларды бөлек өткізу қажет.

Сонымен қатар, 8, 10, 12 жастағылардың арасынан 6,5 ұпайдан жоғары жинаған қатысушыларға өзінен жоғары жастағы чемпионатқа қатысуға толық мүмкіндік беру керек. Жалпы бұл үрдістің пайдасы зор болатындығына сенімдімін.

Жоғары шахматтық атағы бар қатысушылардың құрамы бойынша кішігірім ақпарат:
• ер азаматтар арасында: 1 халықаралық шебер, 4 ФИДЕ шебері, 3 спорт шеберіне үміткер.
• әйел азаматтары арасында: 3 ФИДЕ шебері, 7 спорт шеберіне үміткер бағын сынады.
Бұл көрсеткіштерден жасөспірімдердің арасындағы шеберліктің артқаны және кәсіби шахматшылардың көбейгені байқалады.

Қалада сыртқы жарнама, билбордтар орнатуға жергілікті атқарушы орган қолғабыс көрсетіп, жарыстың насихатталуына өз септігін тигізді. Алматы қаласы әкімдігінің арқасында жарыс залдарының жанында тұрақты түрде сағат 10.00-ден 19.00 дейінгі аралықта медицина қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Чемпионаттың өтуіне жауапты волонтерларды тауып беріп, ұйымдастырушыларға үлкен көмек көрсетілді.

Қазақ-Британ техникалық университетінің ректоры Кенжебек Ниязұлы Ибрашев ағамыз ғимаратты тегін ұсынып, осы жарысқа қатысушылар үшін көп еңбек етті.

Алматы қонақ үйі чемпионат қатысушыларын орналастыруға бар мүмкіндік жасады.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және cпорт министрлігі барлық жүлделі орындарға ие болған қатысушыларды бекітілген бірыңғай медальдармен және грамоталармен қамтамасыз етті.

Бастапқы талап бойынша республикалық маңызы бар ірі қалалардан (Астана, Алматы) 1 – 6 орындар, облыстар бойынша 1 – 4 жүлдегерлер іріктеліп, Республика чемпионатына қатысуға мүмкіндік алатын. Бірақ шахмат ойынын көпшілікке тарату үшін Қазақстан Республикасының шахмат федерациясына қатысушылардың санын ұлғайту туралы ұсыныс енгізілді. Бұл мәселе егжей – тегжейлі талқыланып, соңында қосымша қатысушылар тізімі дайындалды. Аталған жұмыстың нәтижесі чемпионатта көрініс тауып, кейбір негізгі тізімге ілінбеген қатысушылар жүлделі орындарға ие болды.

Тай-брейк мәселесіне байланысты ұйымдастырушылар мен қатысушылар арасында екі ой қалыптасты:
1. Жасөспірімдер арасындағы әлем және Азия чемпионаттарында тай-брейк деген түсінік жоқ, сол себепті ұйымдастырушылар оны регламентке енгізуді жөн деп санамады. Тәжірибелі ұйымдастырушылармен, төрешілермен ақылдасып, стандартты (классикалық) шахматтағы жеңімпазды, рапид (жылдам шахмат) арқылы анықтау дұрыс емес деп шешті, сонымен қатар тай-брейк қатысушыларға қосымша күйзеліс алып келетіні де ескерілді.
2. Бұған қарама-қарсы пікір соңғы жылдары тай-брейк еліміздің үздік ойыншыларын анықтайтын. Сол себепті қатысушылар және бапкерлер осы үрдіске үйреніп қалған және бұл жүзден жүйрік мыңнан тұлпарды анықтаудың қосымша мүмкіндігі болатын.
Бұл мәселеге байланысты біртұтас пікір қалыптастыру қажет деген ойдамын. Осы чемпионатта ұйымдастырушылар бірінші пікірді ұстанып, тай-брейк болған жоқ.

Бұл жолғы чемпионаттың ерекшелігі ретінде, тұңғыш рет 6 жастағы балалар арасында шахматтан Қазақстан чемпионатының өткізілуін айта кету қажет. Бұл бастаманы Қазақстан республикасының шахмат федерациясы қолдап, болашақта тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.

Алайда, әлем біріншілігіне 6 жасар балалардың арасында іріктеу жүргізілмейді, олар үшін тек қана Азияда чемпионат өткізіледі. Сол себепті бұл мәселе жайлы талқылау болашақтың еншісінде. Себебі 6 жасар балаларға психологиялық тұрғыдан жеңіс пен жеңіліс қатты соққы тигізеді. Мысалы жарыстың басым бөлігін алдыңғы қатарда өткізіп, бір – екі ойын қалғанда ұтылып, салы суға кеткен қатысушылар әлі көз алдымызда. Осындай жағдайға түсудің салдарынан кейбір балалардың шахмат ойынын тастап кетуіне қауіп бар. Бұғанасы қатпаған жеткіншектерді ақырындап тәрбиелеп, бұндай додаларға тыңғылықты дайындау керек деген ойдамын.

Жарыстың тағы бір артықшылығы ретінде жарысқа қатысты жеке сайт тұңғыш рет жұмыс істеп, әрбір жастағы бірінші тақталар партияларының тікелей көрсетілімі жүргізілді, бұған қосымша чемпионаттың бейне күнделіктері тұрақты түрде шығып тұрды. Барлық бұқаралық ақпарат құралдары осы іс – шара туралы ақпарат дайындап, жанкүйерлермен тығыз байланыста болды.

Тағы айта кететін жайт 10 және 14 жасқа дейінгі қыздар арасындағы чемпионат 40 жыл елімізді басқарған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың кабинетінде ойналды. Кабинет әлі күнге дейін бұрынғы қалпында сақталған, әрбір зат өз орнында тұр.

Жарыс кезінде қатысушылар мен олардың ата-аналары үшін келесі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды:
• Әлемнің 5 дүркін чемпионы, әйелдер арасында халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік, әйелдер арасында халықаралық шебер, Қазақстан шахмат федерациясы атқарушы директорының орынбасары Гүлмира Дәулетова, халықаралық гроссмейстерлер Александр Кашашвили және Рустам Хуснутдиновтердің қатысуымен 3 рет бір мезгілді ойын сеансы өткізілді;

• Медеу биіктауындағы мұзайдынына, ұлттық мұражайға, обсерваторияға, ботаникалық баққа экскурсия жүргізілді;
• Қосымша кинофильмдер көрсетіліп, «Kango» батут паркінде балалар көңіл көтерді;
• Қазақстандағы шахматты дамыту тұжырымдамасының таныстырылымы жүзеге асырылды.

Чемпионатта жүлделі 1 орын иелері әлем чемпионатына іріктеліп, күміс жүлдегерлері Азия чемпионатында өздерінің бақтарын сынайтын болады.

Жарыстың жабылу салтанаты айрықша мерекелік бағдарламамен өткізіліп, эстрада жұлдыздарының қатысуларымен өткен концертпен жалғасты.

Фотографиялар ресми сайттан алынды Фотограф: Александр Кузнецов

Меңғали Олжас

Views All Time
Views All Time
397
Views Today
Views Today
1

Об авторе

admin administrator

Оставить ответ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.