Меңғали Олжас – шахматтан спорт шеберіне үміткер
Құрметті шахмат ойынының жанкүйерлері!
Еліміздегі шахматты қазақ тілінде оқытуды және интернеттегі қазақ тілді контенттің дамуына үлесімді қоссам деген ниетпен, 2018 жылдың 3 қаңтары күні youtube.com сайтында «Қазақша ШахМат сабақтары» атты арна ашқан болатынмын.
Арнаның негізгі мақсаттары:
1) Дүниежүзіндегі қазақ тілді адамдармен шахмат ойыны туралы ойлармен бөлісу;
2) Осы саладағы тәжірибемді оқырмандарға жеткізіп, білген-түйгеніммен бөлісу, қазақша шахматтан блогтұғырды жетілдіру;
3) Интернеттегі қазақ тілді бағдарламалардың аздығына байланысты, барлық қаракөз қандастарымыз өзге тілдердегі арналарды қарауға мәжбүр болып жүр. Осы жағдайды өзгерту үшін арнадағы жұмыс басталды.
Қазіргі таңда 70 – ге жуық бейне түсіріліп, көрермендер тарапынан қызығушылық бар екені байқалады.
Менің аты-жөнім Меңғали Олжас – шахматтан спорт шеберіне үміткер, республикалық деңгейдегі төреші және ұлттық арбитр. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті құрамында Универсиада жеңімпазы, 4-жыл көлемінде команда капитаны және Алматы қ. 18 жасқа дейінгі жасөспірімдері арасында чемпионы атандым. 2002 жылдан бері шахмат саласында кәсіби бапкер болып еңбек етемін.
Жұмысты бастар алдында, шахмат ойынында қолданылатын терминдердің жиынтығы жоқ екеніне көзім жетті. 2017 ж. 13 шілде күні «Ана тілі» газетінде А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, терминология бөлімінің ғылыми қызметкері, Н.Шүленбаевтың «Салалық терминдерді аудару мен біріздендіру» атты мақаласында «Шахмат тастарының (фигураларының) біразын бұрыннан қазақша атап жүргеніміз белгілі. Енді шахмат тастары атауларының король – хан, конь – ат, ферзь – уәзір, слон – піл нұсқаларымен қатар, пешка – сарбаз, ладья – кеме нұсқаларын да атауды жөн көрдік» деп айтылады. Сол мақаланың негізінде төменде көрсетілген кестені сіздердің назарларыңызға ұсынамын.
Шахмат тастарының (фигураларының) атаулары
Қазақша атауы Орысша атауы
Хан Король
Уәзір Ферзь
Кеме Ладья
Піл Слон
Ат Конь
Сарбаз Пешка
Жоғарыда көрсетілген кестедегі атаулар аздық етеді, себебі бұл ойында терминдер өте көп. Соларды қазақ тілінің мамандары мен кәсіби шахматшылармен бірге рет-ретімен аударып, терминдердің жиынтығын дайындау қажет. Қазіргі таңда шахмат ойыны қазақ елінде қарқынды дамуына байланысты, бұл мәселені қолға алу негізгі мақсаттардың бірі болып табылады.
2007 жылдан бастап Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева, Айша Зәкірова, Амина Қайырбекова, Әсел Серікбай, Меруерт Қамалиденовалар әлемдік жарыстарда топ жарып, қазақ елінің байрағын желбіретіп жүр. Әйел азаматтары қазақ тарихында болмаған жетістіктерге жетіп, қазақ халқының алғырлығын бүкіл әлемге паш етуде. Бір күні біздің жігіттердің де биік белестерді бағындырып, жарқырайтынына сенімдімін.
Жазылыңыздар, көріңіздер. Бәрі де сіздер үшін!